Жиынтық бағалау (СОР)
Предмет: Қазақ тілі
Сынып: 7
Бөлім: Қазақстанның табиғи ресурстары
Оқу мақсаттары: 7.2.1.1 (айтылым) — берілген тақырыпқа сай монолог құрастыру; 7.3.1.1 (оқылым) — мәтіннің негізгі мазмұнын түсіну, қосымша ақпаратты ажырату; 7.4.1.1 (жазылым) — тақырыпқа сай мәтін жазу, себеп-салдар байланысын қолдану.
Орындау уақыты: 45 минут
Жалпы балл: 25
1-тапсырма
Мәтінді оқып, сұрақтарға толық жауап беріңіз.
Қазақстан — табиғи ресурстарға өте бай ел. Оның жер қойнауында мұнай, табиғи газ, көмір, түсті және бағалы металдар кездеседі. Мұнай негізінен Батыс Қазақстанда — Атырау және Маңғыстау облыстарында өндіріледі. Қарағанды мен Екібастұз көмір өндірудің ірі орталықтары саналады. Еліміздің таулы аймақтарында алтын, күміс, мыс, қорғасын, мырыш бар. Бұл ресурстар ел экономикасының негізін құрайды. Сондықтан оларды үнемді пайдалану — әр азаматтың парызы. Қазіргі кезде баламалы энергия көздеріне де назар аударылуда. Күн сәулесі мен желдің энергиясы экологиялық таза әрі тиімді.
Сұрақтар:
- Мәтіннің негізгі идеясын бір сөйлеммен тұжырымдаңыз.
- Мұнай қандай облыстарда өндіріледі?
- Көмір өндіру орталықтарын атаңыз.
- Мәтінде аталған металдарды жазыңыз.
- Неліктен табиғи ресурстарды үнемді пайдалану қажет? Өз көзқарасыңызды білдіріңіз.
Критерий: мәтіннің мазмұнын түсінуі, негізгі және қосымша ақпаратты бөліп алуы, өз көзқарасын дәлелдеуі.